Ғалым Сәуле Тапанованың 70 жылдық мерейтойына орай конференция өтті

«Әйел бейнесі-қоғам бейнесі». Жезқазғанда белгілі ғалым, Қазақстанның  ғылым және  білім беру саласының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Тапанованың 70 жылдық мерей тойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері мен әріптестері қатысқан жиында  сондай-ақ «Сәулелі жылдар»  атты кітабының тұсаукесері өтті.

Ұлытау жұрты Сәуле Тапанованы жақсы біледі. Белгілі ұстаз кеңес дәуірінде Жезқазған университетіндегі қазақ филологиясы кафедрасының ашылуына мұрындық болған жандардың бірі. Ұстаздық еткен 50 жылға жуық уақытта  өңірдегі жоғары білім беру ісін дамытуға және әлеуетті ғылыми ортаны қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірді.

Сәуле Тапанова, ҚР Ғылым және білім саласының еңбек сіңірген қайраткері:
- Сол өзім өскен жеріме,өнген жеріме, мені сәуле қылған жеріме келіп,алғашқы конференциямды Ұлытау жерінде өткізіп жатырмын. (кесіп жалаға) Кешегі менің студенттерім керемет бір-бір облыстық, қалалық түрлі салаларында басшы болып жатыр екен. (кесіп жалға) Өте жақсы қабылдады.

Ұлағатты ұстаз биыл 70 жасқа толып отыр. Мерей той қарсаныңда «Сәулелі жылдар» кітабы жарық көрді. Конференцияда 3 тараудан тұратын туындының тұсаукесері өтті. Ғалым көп жылдан бері гендерлік саясат мәселесін қозғап келеді. Жаңа кітабына да әйелдің қоғамдағы рөлі арқау болған.

Мұратбек Тоқтағазин, Қазақстанның бас редакторлар клубының 1-ші вице-президенті:
-Ол кісі қазақ ғылымындағы ерекше тұлғалардың бірі. Ұзақ жылдар бойы ғылымда табандылықпен еңбек етіп, қазақ әйелінің сом бейнесін ғылыми тілде кереметтей бейнелеп шықты. Ол кісінің жүздеген шәкірттері бүгінгі қазақ ғылымының ерекше мақтаныштары болып отыр.

Ғазиз Ештанаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жезқазған қаласының құрметті азаматы:
- Сәуле Есенбековна осы кафедраның жұмыс істеуінің басында тұрған тұлға. Одан кейін мынау әйелдер образы көркем шығармадағы берілуіне байланысты докторлық диссертация қорғады. Өзінің діттеген мақсатына жеткен маман, мұғалім.

Сәуле Тапанова 70-ті алқымдаса да  ұстаздық миссиясын тоқтатқан емес. Бүгінде елордадағы ЖОО-ның бірінде болашақ журналистерге сабақ береді. Конференциядан соң жаңа кітабын жергілікті кітапханалар мен музей қорына табыс етті.