Шымкентте 38 түрлі дәрі шығаратын зауыт ашылады
Шымкентте
дәрі-дәрмек өндіретін жаңа зауыт іске қосылмақ. Бұл жобаға Польша 39 миллиард
теңгеден астам жеке инвестиция құюға дайын. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов
«Химфарм» зауытымен жасалған жаңа инвестициялық келісімді мақұлдады. Бөлінген
қаржы тек зауыт құрылысын жүргізуге ғана емес, ғылыми зерттеулерге де
бағытталмақ. Соның нәтижесінде «Химфарм» зауыты толық жаңартылып, заманауи
өндірістік желілер іске қосылады. Жаңа зауытта 38 түрлі дәрі-дәрмек шығарылады.
Оның ішінде онкологиялық ауруларға қарсы препараттар, жүрек-қан тамырлары
ауруларына арналған дәрілер, инфекциялық дерттер мен туберкулезге қарсы
өнімдер, сондай-ақ созылмалы сырқаттарға қажетті дәрілер бар. Зауыт 2029 жылдың
соңына қарай іске қосылуы тиіс. Ол Шымкентте қосымша 300 жаңа жұмыс орнын ашуға
мүмкіндік бермек.
Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры
- Жалпы алғанда, фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында 316,3 млрд теңге сомасына 6 инвестициялық келісім жасалды, бұл саланың кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын, инвестициялық тартымдылығының артуын, өндірісті локализациялау үшін орнықты базаның қалыптасуын және елдің дәрілік қауіпсіздігінің нығаюын көрсетеді.

