Қазақстандықтар жеке куәлікті тегін алады
Келесі жылдан
бастап жеке куәлікті тегін алуға болады. Екі жағдайда ғана. 16 ға толып, алғаш
рет рәсімдегендер мен жарамдылық мерзімі аяқталып, қайта ауыстырам дегендер
мемлекеттік баж салығынан босатылады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі
мәлімдеді. Қазір төлқұжатты да тек ел азаматтары ғана емес, шетелде жүрген
қазақстандықтар да электронды түрде рәсімдей алады. Бүгінде бұл қызметті 71
елде тұрып жатқан 100 шақты азаматымыз қолданып үлгеріпті. Енді шетелде жүрген
отандастарымыз паспортты бұрынғыдай алты ай күтпейді. Небәрі 30 күннің ішінде
ала алады. Осы жүйе арқылы азаматтарға ЖСН беріледі, жеке куәлік пен паспорт
рәсімделеді, сондай-ақ тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу жүргізіледі.
Аслан Аталықов,
ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы:
- 2025 жылы біз
онлайн-құжаттандыру бойынша пилоттық жобаны сынақ режимінде іске қостық. Бұл
қызмет аясында биометриялық сәйкестендіру жүйесі қарастырылған. Яғни, жасанды
интеллект бет-әлпетті анықтайды, фотосуреттің сапасын тексереді, оның
белгіленген талаптарға сай келу-келмейтінін бағалайды, сондай-ақ фотошоп
қолданылған-қолданылмағанын анықтайды.Келесі жылы сынақ сәтті өткен жағдайда,
бұл жобаны толыққанды жұмыс режимінде іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, келер жылы елде айлық есептік көрсеткіштің мөлшері өседі. Ол 4325 теңге боп белгіленді. Осыған байланысты бірқатар құжаттарды рәсімдеу құны да қымбаттайды. Атап айтсақ, қарапайым 36 беттік төлқұжатты алу үшін 34 600 теңге төлеу қажет, ал 48 беттігі - 51 900 теңге. Балаларға арналған төлқұжатқа 17 300 теңге төлейсіз. Ал жеке куәлікті бір жыл ішінде екі рет жоғалтсаңыз, үшіншісінде 4 325 теңге көлемінде баж салығын төлеп ауыстырасыз. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігін рәсімдеу үшін 5 406 теңге төлейсіз. Неке қиюды тіркеу 4 325 теңге болса, некені бұзу, яғни ажырасу рәсімі 2 есе қымбат.

