Ғалымдар Ботай қонысынан табылған адамның сүйегін зерттеп жатыр

Ғалымдар Ботай қонысынан табылған адамның сүйегін зерттеп жатыр

Ғалымдар Ботай қонысынан табылған адамның сүйегін зерттеп жатыр. Археологтар үшін үлкен олжа болған бас сүйек Ақмола облысы, Айыртау ауданының Никольское ауылы маңынан табылыпты. Ол шамамен 40 жастағы адамға тиесілі, - дейді мамандар. Қазір жәдігер Алматыда қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұдан соң жан-жақты зерттеу үшін ресейдегі арнайы сараптама орталықтарына жіберіледі.

Қуаныш Шақшақов, Ботай музей-қорығының директоры:

– Қазір біздің басты міндетіміз – осы бас сүйекке ДНК сараптамасын тағайындап, оның нақты кімге тиесілі екенін, сондай-ақ, сол адамның тегі мен жынысын анықтау. Ал, одан кейін пластиканың көмегімен бұл басқа бет жасатып, 6 мың жыл бұрынғы ботайлықтың түр-келбетін көрсек дейміз.

Өткен археологиялық маусымда Ботай қонысынан 200-ден астам жәдігер табылған. Бірақ зерттеушілер олардың құпияларын әлі толық аша алмады. Жалпы Ботай мәдениетінің 36 гектарға созылған қонысынан бүгінге дейін 2 мың шаршы метрден астам аумақ қазылып, ол арадан 4 жарым мыңға жуық жәдігер табылған.

Әйгерім Айдарбекова, Ботай музей-қорығының бөлім жетекшісі:

– Бір тұрғын үйде шамамен орта есеппен алғанда 30 адам тұрған. Ал, жалпы бір қоныста 500 қонысқа дейін болған. Енді есептесеңіз, сол кезде көп адам бір қоныс боп өмір сүріп жатқан. Бірақ олардың барлығының қаңқалары, сүйектері, қалдықтары қайда қалғаны әлі күнге бізге құпия боп келеді.

Ботай мәдениеті жайлы қызықты деректерді халыққа жеткізіп, тарихымызды көпшілікке таныту үшін осы жазда Айыртау ауданы, Лобанов ауылының жанынан визит орталық салынады. Одан бөлек алдағы жылдары Никольское елді мекенінен, яғни Ботай қонысының дәл іргесінен археологтар үйінің құрылысы басталады.

Қуаныш Шақшақов, Ботай музей-қорығының директоры:

– Археологиялық база екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатқа зертханалар, камералық өңдеу, конференц-зал, асхана орналасады. Екінші қабатта археологиялық қазбаларға қатысушыларға арналған жатақхана, сонымен қатар оқу кабинеттері құрылады. Бұл археологиялық база жыл бойы жұмыс істейді.

Соның арқасында өзге елдер мен аймақ ғалымдары тікелей қоныс орнында зерттеу жұмыстарымен айналысуына барлық жағдай жасалмақ. Ал бұл көптеген ғылыми жаңалық пен өткеннің талай сырын ашуға мүмкіндік береді, дейді жергілікті археологтар.