Грузияда Абай атындағы көше ашылады

Грузия астанасындағы бір көшеге қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімін беру жоспарланып отыр. Қос тараптың мәдени байланыстары нығая бермек. Жақында Сухуми мемлекеттік университетінде Абай атындағы оқу бөлімі ашылды. Кемеңгер ақынымыздың мерейтойына орай Грузияда бірқатар салтанатты шара өтіп, грузин тілінде Абай шығармаларының жинағы басып шығарылды.

Бауыржан Мұхамеджанов, Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Бүгін грузиялық достарымызға мәдениетіміздің рухани қырын, қазақ сөзінің тереңдігін көрсеткіміз келді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дегендей, грузиялық достарымыз бауырлас қазақ халқының мәдениетін білсе, одан тек пайда көреді.

Зураб Хонелидзе, Сухуми мемлекеттік университетінің ректоры: 

- Сухуми университетінде қазақ жерінің бір бөлігі пайда болды. Қазақстан – еліміздің серіктесі. Әлемдегі барлық халқы секілді, қазақтардың да, грузиндердің де өз мүдделері бар. Бүгінгі күн тарихқа құрмет көрсетумен қатар, болашақ қатынастарымыздың айқын белгісі болды.