Қазақстандық IT -стартаптар Орталық Азияда үздік деп танылды

Бұл тың бастамалардың барлығы  «Астана Хаб»  халықаралық технопаркінің қатысушыларына тиесілі. Топ жарған жобалардың бірі темір жол тасымалдарын рәсімдеу мен оған қатысты барлық бизнестік үрдістерді оңтайландыруға бағытталған. Тасымалды Автоматты жүйе арқылы тіркеуге бар болғаны 5-ақ минут қажет. Бұған қоса тиелген жүктің діттеген жеріне жетуіне қам жемей, қозғалысын бастан аяқ онлайн бақылауға болады. Бүгінде елдегі ішкі жүк тасымалының 95%-ті осы тұғырнама арқылы рәсімделетінін айта кету керек. Енді оның бар мүмкіндігін еліміздің осы  салада аймақтағы көлік және цифрлық хабқа айналуына бағыттау көзделген.  

Бахыт Ержанов, IT-платформаны әзірлеуші компанияның бас директоры

- Бұл жобаның өңірдің жалпы жүк тасымалына серпіліс беруде үшін маңызы зор. Өйткені,  автоматты жүйе Ресей және Қытай темір жолы тасымал қызметтерімен интеграцияланған. Яғни, осы екі елдің осыған қатысты жүйелерімен біріктірілген. Осының арқасында біз Қытай мен Ресей елдерінен шыққан барлық жүктерді көреміз. Сәйкесінше, олар да бізден жөнелтілген жүктер жөнінде  бар мәліметті біліп отырады.  Қазір дәл осы бағытта Өзбекстан мен әзербайжандық әріптестермен келіссөз жұмыстары жүріп жатыр.    

Бақыт Ержановтың айтуынша, бұл жеңіспен бірге АҚШ-тағы Кремний алқабына тегін барып қайту жолдамасы берілген. Айта кетейік, байқауға жалпы 114 өтінім келіп түсті. Оның 39-ы  қазақстандық жоба.

Әйгерім Айдархан, Astana hub халықаралық қатынастар және инвестициялар кеңсесі директорының м. а.

- Астана Хаб резиденттері халықаралық деңгейдегі байқауларда үлкен нәтижелерге қол жеткізгені қуантпай қоймайды. Біздің мақсат олардың өнімдерін экспортқа шығару, яғни өзге нарықтарды бағындыруға септесіп, қолдау көрсету. Ол үшін арнайы салықтық жеңілдіктер, стартаптарды жетілдіру бағдарламалары сынды түрлі демеулік іс-шаралар қолға алынған. Орталық Азиядағы аса ірі айти стартаптар технопаркі - Астана Хабтың басты көздегені өңірдің экспорттық әлеуетін ұлғайту, айти өнімдердің сыртқы саудасын 2025 жылға қарай 500 миллион долларға дейін жеткізу.

Жеңіс Ермұқанов