Халық кеңесінің өкілеттігі жарияланды

Халық кеңесінің өкілеттігі жарияланды

Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың орнын басады. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында депутат Сергей Пономарев Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттілігі туралы айтты. 70-баптың ұсынылған нұсқасына сәйкес, Халық кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Кеңес құрамына ел азаматтарынан бөлек, өзге этнос өкілдерінен 42 адам бар. Сондай-ақ, өңірлердегі мәслихаттардан 42 өкіл кіреді. Бұл өз кезегінде жергілікті жердегі жағдайды ескеруге мүмкіндік береді. Ал ұйымның міндеттері 71-бапта көрсетілген. Ол ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныс әзірлейді. Ұлттың ынтымақтастығын нығайтуға күш салады. Құрылтайға заң жобаларын ұсынады және референдум өткізуге бастамашылық жасайды. Бұдан бөлек, депутат адам құқығын конституциялық тұрғыда қорғау керектігін айтты.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әділетті мемлекет тек қатысу институттарының сапасымен ғана емес, ең алдымен, адамның негізгі құқықтарының конституциялық тұрғыда қорғалу деңгейімен өлшенеді. Олардың ішінде өмір сүру құқығы ерекше орын алады. Бұл – ең жоғары құндылық әрі құқықтар мен бостандықтар жүйесінің бүкіл іргетасы. Осы орайда келесі норманы бекіту ұсынылады: Өмір сүру құқығы – әрбір адамның абсолютті және ажырамас құқығы, ешкімнің адамды өмірінен өз бетінше айыруға құқығы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады. Мұндай конституциялық бекіту Негізгі заңның гуманистік сипатын күшейтіп, «Әділетті Қазақстан» қағидатына нақты мазмұн береді.