Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережесі заңмен бекітіледі
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережесі Қазақстан заңнамасына енгізіледі. Аталған түзетулерді Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді атап өткендей, екі жыл бұрын қол қойылған конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды әрі қағидатты пікір-таластармен қоса, 20 жылдан астам уақыт алған ұзақ және күрделі келіссөздер үдерісінің қорытындысы болып табылады.
Нәтижесінде Каспий жағалауы мемлекеттері аумақтағы акваторияны бөлудің әртүрлі режимдері бойынша келісімге келді. Консенсус ішкі суларға, аумақтық суларға, балық аулау аймақтарына және ортақ теңіз кеңістігіне қатысты. Жаңа құжатта «балық аулау аймағы» және «балық аулау аймағының режимі» сияқты ұғымдарды заңды түрде енгізу, сондай-ақ аумақтық сулардың енін 12-ден 15 теңіз миліне дейін ұлғайту ұсынылды. Балық аулау аймағында су биологиялық ресурстарына кәсіпшілік жүргізуге еліміздің айрықша құқықтарының сақталуын бақылаушы мемлекеттік органдардың құзыреті де бекітілді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР сыртқы істер министрі:
- Қолданыстағы қайшылықтар, олқылықтар мен коллизияларды жою, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің күнделікті қызметтік-жауынгерлік қызметін қамтамасыз ету мақсатында Заңның қолданыстағы редакциясына басқа да түзетулер енгізілуде. Сонымен қатар, Су кодексіне, Терроризмге қарсы іс-қимыл, Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы, Халықаралық шарттар туралы, Сыртқы барлау туралы Заңдарын, сондай-ақ «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңын Конвенция мен 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімнің ережелеріне сәйкестендіру үшін оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі анықталды.
Авторы: Ақзер Сегізбай
Фото: informburo.kz