Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңа сервис пайда болды
Қазақстандықтар енді халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерін үйіне шақыра алады. Мемлекеттік қызметті алудың жаңа функциясы бүгін іске қосылды. Ол үшін тұрғын электронды өтініш қалдырады. Белгіленген уақытта маман көрсетілген мекенжайға келеді.
Енді халыққа қызмет көрсету орталығына тек төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен көлік құралдарын тіркеу үшін ғана барамыз. Өзге мемлекеттік қызметтің кез-келген түрін алу үшін менеджерді үйіңізге қалаған уақытта шақыра аласыз. Осылайша жылжымайтын мүлік, түрлі анықтамалар мен басқа да құжат жинау үшін ЦОНға барып, ұзын сонар кезекте тұрмайсыз.
Жаңа сервисті пайдалану үшін мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында «жеке менеджерді үйге шақыру» батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру қажет. Сондай-ақ өтінімдерді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да беруге болады. Бұл уақыт үнемдегісі келетін азаматтар үшін өте ыңғайлы. Пилоттық жоба Қазақстанның барлық өңірлерінде іске қосылды.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде көптеген анықтамаларды қазір жұрт телефон арқылы ала алатын болса, 144 мемлекеттік қызмет бойынша қажетті құжаттарды орталыққа бармай алдырта алады.

