Ильхам Әлиев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді

Ильхам Әлиев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді

Мемлекеттік сапар алдында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Қазақпарат» халықаралық агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді. Ол сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық айтарлықтай нығайғанын айтты. Соңғы үш жылда Әлиев Қазақстанға жетінші рет келіп отыр. Әр сапарында Қазақстанның дамуына куә болатынын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саясаттың нәтижелі екенін айтты. Әсіресе логистика саласындағы байланысқа ерекше тоқталды. Оның сөзінше, Ақтау мен Алят порттары арқылы жүк тасымалы артқан. Ал, SOCAR мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы арасында Ақтау — Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна қазақстандық мұнай транзиті туралы келісім бар.2027 жылға қарай осы маршрут арқылы жылына 7 миллион тоннаға дейін тасымалдау көзделуде. Сонымен қатар, Баку-Супса мұнай құбыры қосымша бағыт ретінде қарастырылып, тасымалдың тиімділігін арттыруға бағытталған. Ильхам Әлиев мәдени байланыстарға да назар аударды. Азат етілген Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығын салғаны үшін бауырлас Қазақстанға алғыс білдірді. Бұл орталық бүгінде 100-ге жуық бала оқитын маңызды білім беру мекемесіне айналған.