Жаңа Парламент «Құрылтай» деп аталады

Жаңа Парламент «Құрылтай» деп аталады

Жаңа бірпалаталы Парламент «Құрылтай» деп аталады. Заң шығарушы орган 145 депутаттан жасақталмақ. Ал комитет саны сегізден аспайды. Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Бұл өзгеріс заң шығару ісіне қалай әсер етпек? Әріптесім айтып берсін.


 

Бір палаталы Парламентке көшу – ең алдымен бюрократияны азайтады, - дейді сарапшылар. Яғни заң шығару үдерісі жылдамдайды. Қазіргідей Мәжіліс мақұлдап, Сенат қайта қарап отыратын көпсатылы жүйе жойылады. Мұндай тәжірбие біз сияқты халық саны аз елдерге өте тиімді. Жалпы, дүние жүзінде ұлттық парламенттің 81-і екі палаталы, 107-сі  бір палаталы.


Риззат Тасым, Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы:


- Қазір Еуроодақтың 15-еліндегі Парламент – бір палаталы. Мәселен, Эстония Латвия Литва Дания Мажарстан Португалия Швеция Финляндия Грекия бір ғана заң шығарушы органға ие. Бұл елдер де бір кездері екі палаталы Парламенттен бір палатаға көшкен.


Сонымен қатар, жаңа парламентте Президент пен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Бірақ, әйелдер мен жастардың отыз пайыздық квотасы сақталуы мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысына ұсыныс та айтылды. Айтпақшы, депутат болу үшін міндетті түрде партияға мүше болу керек. Өзін-өзі ұсыну жүйесі жұмыс істемейді.


Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


- Жалпы қазір де елдегі әйелдер орны айқын әрі маңызға ие. Құрылтайда айтылған ұсыныс қараусыз қалмайды деп ойлаймын.

Жаңашылдыққа бетбұрыс атүсті жасалған әрекет емес. Ел арасында жиырма жылдан бері бейресми талқыланып келеді. Президент ұсыныс айтқалы арнайы жұмыс тобы құрылып, 5 рет бас қосқан. Бұдан кейін де топ тарқамайды. Өйткені Заң шығарушы билік тармағын транформациялау үшін Конституцияның бір емес, бірнеше бөлімі қайта қаралады. Ал бұл қысқа уақытта жүзеге асатын жұмыс емес.