Илон Маск Bloomberg индексі бойынша әлемдегі ең бай адам атанды

Илон Маск әлемдегі ең бай адам атанды. Bloomberg агенттігінің берген соңғы деректеріне сәйкес, Tesla компаниясының ең ірі акционерінің жеке капиталы 195 миллиард долларға жеткен. Осылайша, ол ұзақ уақыт бойы осы көшті бастап жүрген Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безосты басып озып, 2-ші сатыға ығыстырды. Оның байлығы Илон Масктан 10 миллиард долларға азырақ деп бағаланып отыр. Ал дүнижүзінің аса ауқатты кәсіпкерлерінің үздік үштігін Microsoft-ті құрушы Билл Гейтс тұйықтайды. Оның жиғаны 134 миллиард долларды құрайды.

Бұл рейтингке қазақстандық бизнесмендер ілікпегенін айта кету керек. Forbes.kz-тің мәліметі бойынша, отандық ауқатты жандардың тізімін метал және қаржылық кәсіппен айналысатын Владимир Ким бастап тұр. Оның капиталы 4 миллиард доллардан астам деп бағаланған. Екінші орында Құлыбаевтер әулеті. Бұдан кейінгі сатыда 2 миллиард 800 миллион доллар байлығы бар Болат Өтемұратов жайғасқан.