Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды
Көкшетауда инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды. Мұнда сенсорлық даму, арт-терапия және робототехника үйірмелері болады. Аумағы 3600 шаршы метр болатын нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұған қоса шаһарда әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысан қатар бой көтеруде.
Инклюзивті спорт орталығында заманауи жаттығу залдары, емдік дене шынықтыру кабинеттері мен параспорт алаңдары болады. Аутизмге шалдыққан балаларға арналған жеке бөлім де қарастырылған. Жалпы, өңірде мүгедектігі бар 8 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 2 мыңға жуығы - балалар. 128 педагогикалық қолдау кабинеті жұмыс істейді.Сондай-ақ, бұл бағытта маман даярлауға да айрықша мән берілген.
Жанаргүл Баймақова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Оған 2000-нан астам бала қамтылған. 500-ден астам педагогтар жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, дефектологтар, логопедтер, сурдопедагогтар тағы басқа мамандар бар.
Бұған қоса, шаһарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы да салынып жатыр. Нысан құрылысы 2022 жылы басталғанымен, жобалық кемшіліктерге байланысты уақытша тоқтап қалған еді. Қазір құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Әлеуметтік маңызға ие құрылыс аймақ басшысы Марат Ахметжановтың жеке бақылауында тұр.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Бұл бір жылдық емес, бәлен жылға жасалып жатыр. Денсаулығы шектеулі адамдар қоғамның толыққанды мүшесі. Соларға жағдай жасау, ең бастысы көпке созылмайды. Жобамыз анықталған. Қаржыландыру бәрі есептелген. Сондықтан бүгін бастап кетеміз да, биыл желтоқсан айында тапсырамыз.
Азамат Байқуанышев, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Бұрынғы мердігермен жасалған келісімшарт ағымдағы жылдың қаңтар айында міндеттемелердің орындалмауына байланысты бұзылды. Нәтижесінде облыстық бюджетке 200 миллион теңге қайтарылды. Қазіргі таңда жобаның жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайды. Нысанның ауқымы кең: пайдалы аумағы шамамен 13 мың шаршы метр болса, жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асады. Бүгінде жоба қайта қаралып, заманауи талаптарға сай жаңа шешімдер енгізілуде.
Жалпы, өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қарқыны тұрақты. Былтыр 35 нысан пайдалануға берілсе, биыл тағы 26 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында заманауи көпбейінді аурухана құрылысы да бар. Халықаралық стандарттарға сай медициналық орталық алдағы уақытта тек өңір тұрғындарына ғана емес, көрші аймақтың халқына да сапалы медициналық қызмет көрсететін маңызды орталыққа айналмақ.

