«Junior Eurovision-2021»: финалға өткен өнерпаздар анықталды

«Junior Eurovision-2021»: финалға өткен өнерпаздар анықталды

«Junior Eurovision-2021» байқауының Ұлттық іріктеу финалына өткен 30 өнерпаздың есімі белгілі болды. Осылайша елімізде қатысушыларға онлайн дауыс беру басталды, ол 12 қазанға дейін жалғаспақ. Қазақстандықтар үздік отыздың ішінен 10 финалисті анықтаса, соңғы төртінші кезеңде қазылар алқасы үздік өнерпазды анықтайды. Ақтық сайыс «Хабар» телеарнасы тікелей эфирінде көрсетіледі. Жүзден жүйрік шыққан өнерпаз 19 желтоқсанда Парижде өтетін беделді халықаралық ән байқауында ел намысын қорғайды.

Айта кетейік, биылғы іріктеуге әуел бастан еліміздің барлық өңірінен 819 өтініш келіп түскен болатын. Балалар репертуарынан түрлі жанрды, қазіргі лирикадан бастап халық әндерін кездестіруге болады.

Атап өтейік, «Хабар» Агенттігі – 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі. Осының арқасында Қазақстан халықаралық ән додасына 4-ші мәрте қатысқалы отыр.

Қанат Айтбаев, қазылар алқасының мүшесі:

- Осы жолғы жобадан да күтетін үміт өте көп. Екі жыл қатарынан Қазақстаннан барған Ержан Максим де, Қарақат Башанова да жеңімпаз болып қайтты десек, ешқандай артықтығы жоқ. Сондықтан осы жолы қатысатын балалардан да күтетініміз көп.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Биылғы жылдың ерекшеліктері туралы айтатын болсақ, әрине, ұйымдастырушылар Парижде оффлайн форматта «Junior Eurovision» байқауын өткіземіз деп өз мойындарына жауапкершілікті алып отыр. Былтыр Қарақат Башанова ел намысын қорғаған болатын. Бірақ байқау пандемияға байланысты онлайн режимде өтті. Биыл да онлайн форматта өтеді деп қорыққан едік, бірақ ұйымдастырушылар осындай шешім айтып, бізді қатты қуантты.