Қ. Тоқаев: мен БҰҰ-ның болашағына алаңдаймын

Қ. Тоқаев: мен БҰҰ-ның болашағына алаңдаймын

Халықаралық саясаттағы сын-қатерлердің алдын алу мен шешімін табуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыздық танытып отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қатар экономикалық форумының арнайы панельдік сессиясында мәлімдеді. Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясаттағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуропада болып жатқан геосаяси текетірестер аясында Ресей-Украина қақтығысы төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. Қазақстан Президенті келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болған емес. Тіпті «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде де Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын. Осы ретте, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдастықтың бірлік танытып, ынтымақтаса отырып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп санаймын.