Қ.Тоқаев Түрікменстан Халк маслахатының төрағасымен кездесті

Қ.Тоқаев Түрікменстан Халк маслахатының төрағасымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасымен кездесті. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне өзі арнайы қатысқаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті бүгінгі кездесу бауырлас екі ел арасындағы өзара серіктестіктің одан әрі нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамуда және стратегиялық әріптестіктің деңгейіне толық сай келеді. Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов те екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады. Тараптар өзара сауда-саттықта оң динамика бар екенін атап өтіп, энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар екі ел мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Қазақстанда Сізді Түрікменстанның көшбасшысы, заманымыздың көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Сіз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қостыңыз. Сондықтан Сіздің осы жиынға келуіңіздің және бүгінгі кездесуіміздің саяси мәні зор деп санаймын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан пысықтайтын ортақ істеріміз бар. Біз – бауырлас әрі көршілес елдерміз. Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ. Екі ел бір-біріне қашанда тілеулес.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк маслахатының төрағасы:
-Біз осы жылдар ішінде сыртқы саясат, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз бойынша құқықтық база қалыптастырдық. Сыртқы саяси мәселеде Сізге алғысымыз шексіз. Сіз біздің бейтарап ұстанымымызды әрдайым қолдап келесіз. Бұдан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымында басшылық қызмет істей жүріп, біздің сыртқы саяси бағдарымыз үшін көп жұмыс атқардыңыз.