Қ. Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті

Қазақстан ЕАЭО-ға мүше басқа елдер сияқты нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдайлар жасауды қолдайды. Алайда локдаун кезеңінде Еуразиялық экономикалық одақта сауда кедергілерінің саны артып кетті. Бұл туралы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Мемлекет басшысы мерзімі жеткен проблеманы шешу қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ экономикалық белсенділік қалпына келгеннен кейін де сауда кедергілері өздігінен жойылып кетпейтіндігіне алаңдаушылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аталған шектеулер сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына зиянын тиігізеді. Одақтың өсімі мен даму әлеуетін шектейді. Комиссияның кедергілермен күресі тоқтаусыз сипатқа ие. Бірақ бұл жұмысты ерекше тиімді деп айта алмайсың. Бұл – ұлттық деңгейде салдарды шешумен күрес. Осылай айтуға болатын болса, онда барынша превентивті одақтық позицияны экономикалық интеграцияға жауапты министрліктер білдіруі тиіс деп санаймыз. Аталған кедергілер мен шектеулер енгізілетін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезеңінде қарсылық білдіріп, қорғау қажет.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының экономикаға оң ықпалы туралы айтты. «Пандемия фармацевтика өнеркәсібінің, медициналық қызмет саласының, биоинженерлік және цифрлық технологиялардың дамуына тың серпін берді», – деді Қазақстан Президенті.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов