«Қайырымды істер» марафоны жалғасын табады
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шара бұдан кейін де игі дәстүр ретінде қала береді. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлім етті.
Спикердің айтуынша, күн санап жалпұлттық сипаттағы қозғалысқа айналған шараның аясы кеңейіп, қатысушылар саны еселеніп келеді. Тек бір айдың ішінде қайырымдылық көшіне 2 млн-ға жуық қазақстандық белсенді қатысып, олармен ел көлемінде бір жарым мыңнан астам жоба жүзеге асырылған.
Қайырымды жандар экологиялық акциялар ұйымдастырып, жағдайы жұтаң жандарға түрлі көмек көрсетіп жатыр. Нәтижесінде елімізде еріктілер саны 3 есеге артып, 600-ден астам жаңа волонтерлік ұйым құрылған.
Мадияр Қожахмет, Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:
- Біріншіден, «Birgemiz» республикалық Волонтерлер фронт-офисі және оның 17 өңірлік офис сипатында волонтерлік қозғалысты дамыту үшін инфрақұрылым құрылды. Бұл барлық волонтерлік ұйым мен топты біріктіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар волонтерлік саласындағы жаңалық деп QazVolunteer.kz бірыңғай платформасын атауға болады. Бүгінгі таңда 47 мыңнан астам волонтер мен 3 мыңнан астам ұйымды біріктірген бірыңғай ақпараттық ресурс алуан түрлі жобаларға ұйытқы болды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов