Күріш алқаптарының көлемі артады
Қызылордада былтырдан бері су қоры мол
жиналды. Соның нәтижесінде биыл күріш алқаптары 350 гектарға ұлғайды. Осылайша
сыр маржаны 85 мың гектарға егіледі. Алқаптардың артуына ауыспалы егіс жүйесін
тиімді үйлестіру сеп болған. Сондай-ақ, Нарын-Сырдария су қоймалары құламасына
өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд 400 млн текше метр су артық
жиналған. Енді оны әділ бөліске салу үшін мемлекетаралық комиссия мүшелері
жуырда Өзбекстан Республикасында бас қоспақ. Жалпы осы жылы Сыр дихандары 193
мың 700 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр.

