«Қалқаман-Мамыр» ұлттық опера-балеті сахналанды

«Астана Опера» театрының репертуарлық қоры ұлттық нақыштағы тағы бір қойылыммен толықты. Елордалық өнер ұжымы сахна төрінен әйгілі «Ромео мен Джулетта» сынды қос қазақ ғашығының ұлы сезімін баяндады. Бұл отандық сазгер Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті. Рулас екі жасты салт-дәстүр ажыратқан оқиға желісі бір кездері  Тобықты елінде орын алған.  Дейтұра, бір кезеңге байланбай, уақытпен шектелмейтін махаббат хиқаясы мәңгі екені белгілі.

Азамат Жылтыркөзов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі:

- Бұл қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай қойылып жатыр деп айтуға болады. Себебі сол кісінің поэмасы негізінде осы «Қалқаман-Мамыр» опера балеті жазылған. Бұл жерде екі ғашықтың қосылмай қалуы, барлықтарыңыз білесіздер қазақта жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеген. Осы қойылым осы хиқаяны көрсетеді.

Балнұр Қыдырбек, композитор:

- Бүгінгісі туралы айтсақ, ол жаңа заманға сай креативті түрде жасалған. Оны жер-шарының кез-келген жерінде орындаса барлығына түсінікті болады. Ол бүгінгі заманның тілімен көзқарасымен жасалған дүние.

Ауқымды декорация, заманауи технологиялық шешімдер көрерменді тастар мен гүлдер, өшпенділік пен махаббат әлемдеріне саяхат жасағандай әсерге бөлейді. Операдағы Қалқаман мен Мамыр шынайы кейіпкерлер, ал қатар жүріп би арқылы ішкі сезімдерін білдіретін балеттегі жұп олардың жаны. Бұл  атақты ресейлік режиссер, Юрий Александровтың қойылымға ендірген тартымды сахналық шешімі. Жалпы опера, балет солистерімен қатар 200-ден астам әртіс, хор және симфониялық оркестр жұмылдырылған. Қазақ тілінде орындалатын екі актілі спектакль орыс және ағылшын тілдерінде синхронды аудармамен қамтылған.