Елдегі жағдай тұрақталып келеді

Қазақстанда соңғы тәулікте аса қауіпті деструктивті іс-қимыл тіркелген жоқ. Жалпы елдегі жағдай тұрақталып келеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен штабтың кезекті отырысында ҰҚК-нің төрағасы Ермек Сағымбаев мәлім етті. Ол барлық күш құрылымдары антитеррорлық операция аясында жедел шараларды жалғастырып жатқанын атап өтті. Бас прокурор лаңкестікке қарсы іс-қимылдар басталғалы бері 412 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. «Оның ішінде террорлық актілер мен кісі өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар өткен тәулікте 11 елді мекендегі блокбекетте әскерилер 38 адамды ұстады. Оның 23-інен атыс және суық қарулар тәркіленген. ҰҚК-нің қызметкерлері шекара қызметімен бірлесіп, әскери авиацияның қолдауымен таулы аймақтарда барлау және іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша, Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру үшін белсенді жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.