Қазақстанда шомылуға 479 орынға рұқсат етілді

Қазақстанда шомылуға 479 орынға рұқсат етілді

Қазақстанда бес жүзге жуық орынға шомылуға рұқсат етілді. Ал олардың 125-і Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бөлімшелерімен бақыланады. Онда тәулік бойы бес жүзге жуық құтқарушы жұмыс істейді. Бұл туралы ведомство өкілі Бауыржан Сыздықов мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы судағы қауіпсіздік мәселесі – құтқару қызметінің негізгі міндеті. Қазіргі таңда бірқатар алдын алу шаралары жүргізілуде. Оның ішінде оқу орындарында интерактивті сабақтар өткізу кіреді. Сондай-ақ жыл басынан бері елімізде 50 мыңға жуық бала жүзіп үйренді. Ал танымал картографиялық платформада шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындар туралы мәліметтер орналастырылған. Өз кезегінде, Бауыржан Сыздықов судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салып, тәртіп бұзушыларға салынатын айыппұлдар туралы айтты.

Бауыржан Сыздықов, ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы

– Бірінші кезекте, ортақ суды пайдалану ережелерін бұзған азаматтарға айыппұл салынады. Ережелер жергілікті мәслихаттың шешімдерімен бекітіледі. Екіншіден, 440-бап бойынша егер де азамат қоғамдық орындарда мас болса, ол алкогольдік ішімдік болсын, есірткі пайдаланған болсын оған да айыппұл салынады. 364-бапқа келетін болсақ, бірінші кезекте азаматқа ескерту жасалады, алайда бір жыл ішінде дәл осы бұзушылық қайтадан қайталанатын болса, онда 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 440 бапқа сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.