Ғылым және жоғары білім министрлігіндегі жаңашылдықтар

Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесіне толыққанды өзгерістер қажет. Бұл туралы елордада ЖОО ректорлары мен Ғылыми-зерттеу институты басшыларының қатысуымен өткен арнайы форумда еліміздің ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. Ол жаңа ведомство жаңа өзгерістерге дайын екенін айтты. Бірінші кезекте, университеттердегі ғылым дамитын болады. Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындары ғылыми кадрлар көзіне айналуы тиіс. Себебі республикада ғылыммен айналасытан мамандар саны өте аз. Егер 90-шы жылдары бұл салада шамамен 52 мың қызметкер болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге дейін аз. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес, ғылым саласын  қаржыландырудың модельдері мен тетіктері қайта қарастырылмақ.

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

– Ғылыми гранттардың, ғылыми зерттеулердің, қаржыландыру бағдарламаларының нәтижесі негізгі мәселе болып қала береді. Сондықтан бұл жерде реформа керек, бұл біздің ғылымның қолданбалы сипаты. Яғни, кез келген ғылыми зерттеу нақты бір мәселені шешуге көмектесуі тиіс.  Магистрлердің PhD бакалаврлары үшін стипендия өседі, сонымен қатар ғылыми гранттарды қаржыландыру, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бөлек 2 есеге артады.

Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекет алдағы үш жылда ғылым саласына 1 триллион теңгеге дейін қаржыландыруға ниетті. Ал бұл жалпы ішкі өнімнің 1 проценті. Негізгі міндет - жоғары оқу орындарының ғылыми жобалары нарықта сұранысқа ие болуы тиіс.

Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры:

 – Қазіргі таңда біз импортты алмастыру бағдарламасы бойынша жұмыс істеудеміз. Нақтыласам, импортты қазақстандық өніммен алмастыру үшін жүзеге асырып жатқан бірнеше ғылыми жобаларымыз бар. Батпенов атындағы Ғылыми-зерттеу институтымен, оның ішінде ғылыми зерттеу инстиутының травматология, ортопедия бөлімдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қаржыландыру жағы бізде бағдарламалық-нысанды болды, бірінші кезеңде импланттарды әзірлеп, клиникалық сынақтардан өттік. Ал қазір жобаны коммерциялау үшін серіктестер іздеп жатырмыз.