ҚР СІМ: қазақстандықтар мінген екінші автобус Украина-Польша шекарасынан өтті

ҚР СІМ: қазақстандықтар мінген екінші автобус Украина-Польша шекарасынан өтті

Қазақстандықтардың тағы бір тобы Украина-Польша шекарасын аман-есен кесіп өтті. Өткен аптадан бері дипломаттардың көмегімен отандастарымыз репатриациялық рейстер орындалатын Польшаның Катовице қаласына жетуге тырысып жатыр. Бұған дейін ҚР СІМ жиналу пунктінде 80 адам болғанын хабарлаған. Сондай-ақ Харьковтан Львовқа пойызбен 12 қазақстандық студент жіберілді. Украинаның түрлі қаласындағы қазақстандықтар еліміздің Елшілігіне хабарласып, орналасқан жері туралы ақпарат берулері қажет.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Репатриация рейсінің жолаушылары Украина-Польша шекарасын визасыз кесіп өтеді. Сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР-тест және вакциналау төлқұжаттарын көрсетуден босатылады.

Бұған дейін Киевтегі Қазақстан Елшілігіне 600-ден астам адам туған жерге қайтуға өтініш берген. ҚР СІМ барлығына көмек көрсетіліп, алдағы уақытта басқа да репатриация рейстері ұйымдастырылатынын айтты.