Кәрістердің дәстүрлі бейнелеу өнерінің көрмесі Ұлттық музейде ашылды

Қазақстанда алғаш рет кәрістердің дәстүрлі бейнелеу өнерінен сыр шертетін көрме ашылды. Ұлттық мұражайда орын тепкен «Сумукхва монологы» атты экспозицияда корейлік қылқалам шеберлерінің ұлттық материалдарға сиямен салынған кескіндемелік туындылары қойылған. Барлығы 28 еңбек – аталмыш елдің әр өңірінен жиналған үздік жұмыстар.

Табиғаттың әсем көріністері көрініс тапқан туындыларда жаһан жаратылысының философиясы секілді барша адамзатқа ортақ тақырыптар қозғалады. Мұнда дәстүрлі Шығыс Азия үлгісінің заманауи мәнермен үндескен кескіндемелерді тамашалауға болады.

Ли Херан, Корей мәдени орталығының директоры:

- Бастапқыда бұл «сумукхва» стилі бірегей корей материалдарда басқа түстерді қоспай-ақ, қара сия мен қылқалам арқылы салынған еді. Ол қағаз бетіндегі сызықтар мен бос кеңістіктерге назар аудартады. Ішкі рухани әлем жарық реңктері мен қара сия арқылы көрінеді. Кейін бұл мәнер жетілдіріліп, үшке бөлінді. Екінші түрі «тамчехва» қара сиямен салынғанымен, басқа түстермен сәл боялған және «чесекхва» ашық түстермен салынып, контурлары қара түспен боялған. Яғни түстік шектеулер бар. 

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы және корей халқының азаттық алу күніне орай ашылған көрме қазанның ортасына дейін  жұмыс істейді. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов