Қаржы пирамидаларымен күрес күшейеді

Қаржы пирамидаларымен күрес күшейеді

Қазақстан қаржы пирамидаларына қарсы күресті күшейтуді көздеп отыр. Бүгін сенат депутаттары заңсыз қаржы ұйымдарының қызметі туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта жарнама үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу, қаржы пирамидаларын құру мен басқарудағы жазаны күшейту қарастырылған. Атап айтқанда, қаржы ұйымдарын жарнамалағандар 3 жылдан  7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

– Қаржы пирамидалары – салдары ауыр, өзекті проблемалардың бірі. Сондықтан қаржы алаяқтығымен күресте қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы жетілдірудің маңызы зор. Сол себепті қабылданған заңдарда қаржы пирамидасының жарнамасын қылмыс деп тану және оларды құрып, басқарғаны үшін жауапкершілкті күшейту көзделген. Бұл заңдар азаматтарды заңсыз қаржы және инвестиция жобаларына тартудан қорғауды күшейтеді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, қаржы пирамидаларының саны 2019 жылы 24 қана болса, 2020-шы жылы олардың саны бірден 180-ге жеткен. Бүгінгі таңда барлығы 225 заңсыз қаржы ұйымдары анықталып отыр. Ал жыл басынан бері қаржы пирамидалары арқылы халықтан ақша бопсалаудың 31 мың фактісі тіркелген.

 

Авторы: Гүлбану Тәжібек