Цифрлық майнингтен бюджетке 652 млн теңге түсті

Майнинг үшін төлемақы енгізілгеннен бастап бюджетке 652 млн теңге түсті. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Бүгінде төлемақы еліміздің 12 аумағынан түскен. Ел қазынасына ең көбі Нұр-Сұлтан қаласынан аударылған. Шамамен 277 миллион теңгенің үстінде. Одан кейінгі орындарда Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары тұр. Аталған өңірлер тиісінше 143 және 49 миллион теңгеден қаражат төлеген. Еске сала кетейік, биылдың 1 қаңтарынан бастап осы салада қызметін жүзеге асыратын тұлғалар үшін арнайы төлемақы енгізілген болатын. Яғни, бұл ақы қызметін іске асыру кезінде тұтынылған электр қуатының нақты көлемі үшін алынады. Оның сомасы электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге мөлшерінде есептеледі. Қазіргі таңда ел Парламентінде соманы  ұлғайтуды көздейтін заң жобасы қарастырылуда.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов