Қатты аяз, дауыл, көктайғақ болады!

Қатты аяз, дауыл, көктайғақ болады!

Қатты аяз, дауылды жел, боран мен көктайғақ болады. Ақпан айында қыс қаһарына мінетін сияқты. «Қазгидромед» пен Төтенше қызмет осындай ескерту жасап отыр. Әсіресе, алдағы үш күнде еліміздің барлық өңірінде ауа райы күрт суытпақ. Кей аймақтарда табиғаттың тосын мінезі қазірдің өзінде сезіле бастады. Жамбыл облысында бүгін желдің екпіні секундына 32 метрге дейін жетіп, бірқатар кентте үйлердің шатыры жұлынып ұшқан видеолар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Ал Елордада түнімен қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болды. Көлік қозғалысы қиындады. Коммуналдық қызметкерлер бір түнде 30 мың текше метрден астам қар шығарды. Осы уақытта Ақтөбе мен Жетісу облыстарындағы тас жолдарда 17 көлік қар құрсауында қалды. Сондықтан құтқару қызметі алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Синоптиктердің мәліметінше, бірқатар өңірде түнгі ауа температурасы 28 градусқа дейін түседі. Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында күн күрт суытады. Ал Ақмола, Ұлытау, Қарағанды және Павлодар облыстарында қатты аяз ертең күшейеді. Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында да түнде ауа температурасы минус 20 градусқа дейін төмендейді.