Қазақ драма театрына 95 жыл

Қазақ драма театрына 95 жыл

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының құрылғанына 95 жыл. Мұрағаттағы құжаттамалар мен дәйектері соған саяды.Осыған орай шаһарда бүгін арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Онда көшпелі қазақ театры тарихының өткені мен бүгінгі тұстары қайта айшықталды. 

Көшпелі қазақ театырының алғашқы маусымы 1929 жылдан басталады. Ол кезде көбіне Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлиннің дүниелерінен қысқаша қойылымдар сахналанған. Өкінішке орай ол туралы ресми құжаттар тіркелмегендіктен күні бүгінге дейін айтылмай келген. 

Сая Қасымбек, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

– 29 жылы біздің театрымыз қазақ театрында кәдімгідей көрермендерге қызмет көрсеткен. Ол кезде өздеріңіз білесіздер, кеңес дәуірінің жаңадан орын алып жатқан кезеңі болғандықтан, негізгі тақырыптың бәрі әлеуметтік большевизм, бәйбіше-тоқал, бай мен кедей тақырыбында. Қойылымдар қойылғанымен ол кезде архивтік құжаттарға қазіргідей мән бермеген. 

Тағы бір дәлел – «Біржан мен Сара» пьесасын жазып, басты рөлді сомдаған Жүсіпбек Аймауытов та сол жылдары Шымкентте жұмыс істеген. Тіпті атақты режиссердің өзі сабақ берген қаладағы педагогикалық училищенің оқу бағдарламасында театр өнері болған. 

Қазақтан шыққан алғашқы режиссер, театр тарланы Жұмат Шаниннің есімі берілген академиялық қазақ драма театры 95 жылдық тарихында 500-ден астам сахналық қойылым қойған. Қазір театр репертуарында 30-дан астам туынды бар. Оның бірқатары балаларға арналған. Ал, театр өзінің 96 маусымында көрерменге 4 бірдей жаңа қойылым ұсынбақ.