Қазақ мемлекетінің ежелгі карталары кітап болып шықты
Брюссельде Қазақ мемлекетінің сирек кездесетін 130 картасы енгізілген картографиялық кітап шықты. Атласты басып шығару үшін Мұхит-Ардагер Сыдықназаров 15 жыл бойы еңбек еткен. Карта авторы ғылыми орталықтардың мойындалған әлемдік жинақтарын зерттей отырып, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ақпарат жинаған. Бір қызығы, 1562 жылы Бельгияның Антверпен қаласында алғашқы карта жасалған екен. Оның авторы – ғалым Герард Меркатор. Атлас авторы әрі саясаттанушы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, сол кездегі еуропалық және америкалық ғалымдардың карталары Еуразияның зерттеушілері мен жиһанкездеріне бағдар болған. Сондай-ақ оларға XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетімен дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар орнатуға көмектескен.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, саясаттану докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры, профессор:
- Қазақ мемлекетінің атаулары латын, ағылшын, француз, итальян, фриз, валлон және неміс тілдерінде ұқсас келеді, яғни «Kasaki», «Khasaks», «Kaski Tartari», «Kassakia», «Cassaqy», «Kassakia Horda», «Independent Kassaks», «Independent Kasaks Turks». Қазақстанның болашақ азаматтары біздің балаларымыз бұл карталарды көріп, мемлекеттілігін әрдайым биік ұстанған халықтың ұрпағы екенін білуі шарт.