Параволейболдан Қазақстан чемпионаты аяқталды

Мұнайшылар қаласы - Жаңаөзенде параволейболдан ел чемпионаты өтті. Отырып ойналатын доп жарысына 6 облыстан 4 команда келіп қатысты. Ерекше спорт сайысы мұнайшылар қаласының 55, Маңғыстау облысының мәслихаты және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Алға» спорт клубының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. 

Чемпионатқа батыс өңірлер мен Қызылорда, Түркістан облысынан 32 параспортшы қатысты. Олар «Өзенмұнайгаз», «KazPetroDrilling», «Жұлдыздар» және Маңғыстау әкімдігі деген атаумен 4 командаға біріктірілді. Атап кету керек, әр топ мүгедектігі бар адамдар мен әлеуметтік топтағы азаматтардан құралды. 

Бекнұр Бисенов «Алға» спортклубы төрағасының орынбасары:
- Республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыстың негізгі мақсаты - сау адамдардың мүмкіндігі шектелуі жандардың отырып ойнауы қиын екенін сезінуі. Және бұл спорттың маңыздылығын көтеру. Бірінші орын алған командаға 1 млн теңге сыйақы қарастырылған.

 «Алға» клубы 1993 жылы Жаңаөзенде құрылған. Қазір 60 адам әртүрлі үйірмеге тегін қатысып жүр. Жалпы аймақта 845 мүмкіндігі шектеулі азамат 9 спорт түрімен шұғылданады. Ел тарихында тұңғыш рет қазақстандық параволейболшылар 2024 жылы Парижде өтетін XVII жазғы паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия алғаны мәлім. Маңғыстаулық үш параспортшы - құрама сапында.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі:
- Бұл, біздің азаматтардың, спортшылардың әлемдік деңгейдегі ойын көрсете алатындығын және жаттықтырушылардың еңбектері ақталғандығы деп есептейміз. Президенттің тапсырмасына сәйкес спорттық нысандар ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жаңадан салынып жатыр. Мұның барлығы жалпы спорттың дамуына, соның ішінде параспорттың дамуына үлкен септігін тигізеді. 

Финалдық кезеңге Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Өзенмұнайгаз» командасы шығып, жаңаөзендік азаматтар жеңіске жетті. Қалған екі команда 3 орынды өзара бөлісті. Айта кетейік, Қытайда өтетін Паралимпиада ойындарына Маңғыстаудан мүмкіндігі шектеулі 3 спортшы қатысады. Олар үстел теннисі, параволейбол және парапауэр-лифтингтен ел намысын қорғайды.