Қазақстандық ғалымдардың өнертабысына АҚШ пен Қытай қызығып отыр

Яғни оның көмегімен жанары суқараңғы адамдар сыртқа шығу үшін өзгенің жетектеуін қажет етпейді. Тек жүретін жол бойында орнатылған магниттік белгілермен байланысты арнайы таяқ қолында болса жеткілікті.

Ғалымжан Ғабдрешов, өнертапқыш:

- Әрбір белгі өзіне жүктелген ақпарат жайында хабарлайды.  Мәселен, алға немесе артқа жүру және оңға солға бұрылу керек, сатымен төмен не жоғары, тіпті жолда аялдама, ғимарат бар деп бағдарлайды. Бұның бәрін жүзеге асыру үшін жіңішке таяқтың басына радиоқабылдағыш қондырдық. Бұл тек прототипі. Өндірістік үлгісі өте жеңіл болады. Сабындағы мына шағын қондырғы қысқа тербелістер түзеді. Адамның қолы таяқ ұшындағы дірілді сезіп, толқын саны мен жиілігі және ырғағы арқылы қандай кедергі барын анықтап, қауіпсіз әрі дұрыс жолмен жүргеніне сенімді болады.  

Ғалым электронды жолдардың табиғаттың тылсым мінезі мен ылғалға шыдас беруіне баса мән бөлгенін айтады. Мыстан жасалған радиобелгілердің балама түрлерінен қолданыс аясы әлдеқайда кең және ұзақ қызмет еткенімен құны бірнеше есе арзанға түседі деп сендірді. Сынақтан мүдірмеген инновациялық өнертабыс халықаралық патентке ие. Бүгінде бұл отандық жобаға әлем елдері қызығып отыр. Оның бірі АҚШ. Келісім бар. Жоспар бойынша электронды жолдар техастық және Массачусетстегі Перкинс, кейін өзге де штаттардағы зағип балаларға арналған 46 мектепке орнатылмақ.

Ғалымжан Ғабдрешов, өнертапқыш:

- Техаста ең үлкен мектеп орналасқан. Ондағы жоба қызықты болмақ.  Біз қаланың барлық негізгі көшелеріне арнайы таңбалар орнатуды жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат көру қабілетінен айрылған адамдар үшін балалық шағынан бастап еркін қозғалып, барғысы келген жеріне өздері жете алатындай жағдай жасау. Бастысы ол жерде жұмыс жасайтын кадрлық база бар. Олар бізге қазірдің өзінде өнертабысты одан әрі жетілдіріп, сапалы ете түсу үшін тың ойларымен бөлісіп, пайдалы кеңестерін беріп жатыр.

Бұдан соң алып Қытай нарығына шығу жоспарланған. Ұсыныс түскен, қазір келіссөзер жүргізілуде. Айта кетейік, аспан асты елінде өнертабысқа қажетті магниттік және есептеуіш элементтердің өндірісі іске қосылды. Әзірлеушілер бар үрдісті онлайн басқарады. Ал, микросхемаларды жинау және есептеуіш құрылғыларды таяққа орнату Қазақстанда жүзеге асырылады.