«Жұқа мұз» профилактикалық акциясы өтті

«Жұқа мұз» профилактикалық акциясы өтті

«Жұқа мұз» - қауіпті! Астананың төтенше жағдайлар қызметі осындай прафилактикалық мақсаттағы акция өткізіп, қатқан су бетіне шығып жатқан балықшыларға ескерту жасады. Өйткені аяз күшейгелі балыққа шығатындар қаптаған. Егер қауіпсіздік ережесі сақталмаса, мұның арты қайғылы жағдайға да әкелуі мүмкін. Рейдке біздің түсіру тобымыз да барып қайтты. 

Қытымыр қыс келіп, өзен-көлдердің беті қата бастаған шақ - ең қауіпті кезеңдердің бірі. Сырт көзге су беті берік көрінгенімен , шын мәнінде, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Дәл осы кезеңде мұзға түсіп кету қаупі жоғары екенін құтқарушылардың өзі айтып отыр. Қазір мұздың орташа қалыңдығы 10 см шамасында. Ал бір адамның мұз үстінде қауіпсіз жүруі үшін кемінде 15 сантиметр қажет. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері кез келген абайсыз қимыл орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан мұз үстіне шыққанда міндетті түрде құтқару құралдарын бірге алып жүру керек, - дейді. 

Данияр Тәжібаев, Астана қаласы ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

- Егер мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден аз болса, балықшы міндетті түрде құтқару құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Атап айтқанда, құтқару жилеті, арқан, су өткізбейтін қаптағы телефон және ысқырық болуы қажет. Патрульдеу кезінде біз күн сайын балықшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз. Осы талаптар сақталмаған жағдайда ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша құқық бұзушы 7 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Астанада «Жұқа мұз» атты профилактикалық акциясы 1 желтоқсанда басталды. Құтқарушылар таңертеңнен кешке дейін кезекшілік етеді. Күн сайын шамамен 20 маман рейдке шығып, ең қауіпті аумақтарды тексереді, мұз қалыңдығын өлшеп, балықшыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Негізгі мақсат -қайғылы жағдайлардың алдын алу. Осы қысқы маусым басталғалы қауіпсіздік талаптарын бұзғандар бар екен. Оларға айыппұл салынған.

Сейілбек Нақыпов, Астана қаласы ТЖД Сүңгуірлер бөлімшесінің бас құтқарушысы:

- Кейде біз балықшыларға жақындап, өз қауіпсіздігін ойлауын, жан-жағына қарауын, жұқа мұзбен жүрмеуін ескертеміз. Бірақ кейбірі «демалуыма кедергі келтіріп жатырсыңдар» деп жауап береді. Соған қарамастан, біз оларды өз өмірін қорғауға шақырамыз. Мұз үстімен конькимен сырғанағандай қозғалу керек. Егер мұз ойылып кетсе, берік мұзға қарай еңбектеп жылжыған дұрыс, сонда қайтадан опырылып түсу қаупі азаяды.

Статистикаға сүйенсек, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі дәл алғашқы мұз қатқан кезеңде орын алады. Мұздай суға түскен адам санаулы минуттың ішінде әлсіреп, қозғалу қабілетін жоғалтады. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды олжа үшін өмірін қатерге тікпеуге және су айдындарына тек қауіпсіз жағдайда шығуға шақырады.