Қазақстан экономикасына 11 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды
11 млрд доллардан астам. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына осындай көлемде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Бұл өткен жылдағыдан 30,4% артық. Былтырғы сәйкес кезеңде тартылған инвестициялар көлемі 8,5 млрд долларды құраған болатын. ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешевтің айтуынша, инвестициялық қаржының 50% жуығы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі.
Ерлан Зейнешев, ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстанға ең көп инвестиция тартқан елдердің арасында Нидерланды бірінші орында. Бұл мемлекеттен тартылған қаражат осы жылдың бірінші жартыжылдығында 29,6% құрады, екінші орында АҚШ – 18,8%, тізімді одан әрі Швейцария, Ресей Федерациясы және Ұлыбритания мемлекеттері жалғастырды. Салалар тұрғысынан алғанда тау-кен өндіру өнеркәсібі көш бастап тұр, оның үлесі шамамен 50% құрайды. Өңдеуші өнеркәсіп саласы екінші орында, шамамен 19% құрайды. Өңірлерге келер болсақ, Атырау облысы, Алматы қаласы сондай-ақ ШҚО, БҚО және Павлодар облыстарына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған.
Айта кетейік, Қазақстанға тәуелсіздік жылдарында барлығы 670 млрд доллардан астам қаржы тартылған.
Авторы: Ақзер Сегізбай