Ә. Смайылов ЕАЭО елдері арасында сауданы жолға қою жөніндегі шараларды атады

Тауарларды жеткізуді оңтайландыру және ЕАЭО елдері арасында Кедергісіз орта құру. Осы және басқа да шаралар интеграциялық бірлестікке қатысушы елдер арасындағы сауда деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Шолпан-атада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысына қатысқан Әлихан Смайылов осындай пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, соңғы жарты жылда Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауда көлемі айтарлықтай төмендеген. Мәселен, егер 2021 жылы осы кезеңде тауар айналымының өсуі 28 процент болса, биыл бұл көрсеткіш небәрі 4,8 процентті яғни 12 жарым миллиард теңгеден астам соманы құрап отыр. Сондай-ақ, Премьер-Министр қазіргі уақытта Одақ елдері бағаның, әсіресе азық-түлік тауарлары бағасының айтарлықтай өсу проблемасымен бетпе-бет келіп отырғанын да атап өтті. 6 ай ішінде ЕАЭО-да бағалар орта есеппен 13 процентке жуық артқан. Үкімет басшысының пікірінше, бұл одақ елдерінің ұлттық валюталары арасындағы айырбастау бағамдарының бұрмалануына байланысты. Ағымдағы жағдайды реттеу үшін ол әріптес мемлекеттердің орталық банктеріне консультациялар өткізуді ұсынды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер- министрі

– Одақ елдеріне біржақты тәртіппен енгізуге мәжбүр шектеулер салдарын жою тетіктерін анықтау маңызды. Бірыңғай сыртқы сауда тізбегін құру арқылы біз ішкі өндірушілерді қорғауға келістік. Алайда, өзара саудада шектеулер енгізілген кезде басқа мемлекеттердің ЕАЭО тауарларымен қамтамасыз етілуінің белгілі бір деңгейін ұстап тұру үшін жағдайлар жасалуы тиіс. Сондай-ақ үшінші елдерден тауарларды жеткізу шарттарын жеңілдету керек. Менің ойымша, комиссия бұл мәселені зерттеп, өз ұсыныстарын беруі тиіс.