Ғылым мен бизнесі интеграциялау: Қазақстандағы ғылыми жобалар қалай құрылады?

Ғылым мен бизнестің үндестігі. Осы қос саланы бір арнаға тоғыстырудың арқасында былтыр бірқатар өндіріс ошағы іске қосылды. Отандық өнертабыс иелерін қолдаудың нәтижесінде елімізде 100 бірегей жоба жүзеге асырылды. Әр үздік бастаманың жемісін өндіріс жолына қою үшін «Ғылым қорының» арнайы гранты берілді.

АРЫН ОРСАРИЕВ, «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл – түрлі салаларды қамтитын жобалар. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешеннің өсімдік және мал шаруашылықтары. Сондай-ақ металлургия, ферроқоспалар бағытында болуы мүмкін. Көлік құрастыру, металөңдеу, жаңа материалдар, нано-технологиялар, био-технологиялар. Бір сөзбен айтқанда, біздің жобалардың бағыты мен тақырыптық аясы кең. Бізді отандық ғылымның өндірістік қарқыны артып келетіні қуантады. Экспортқа бағытталған қазақстандық өнімнің әлеуеті зор.  Мақсатымыз – болашақта біздің ғылыми өнертабыстарымызды табысты бизнес көзіне айналдыру.

Айта кетерлік жайт, өткен жылы ғана ғылыми жобалардың кірісі 8 млрд теңгенің шамасында болды. Ал экспортқа келер болсақ, оның көлемі 243 млн теңгеге жетті. Өндірісін енді бастаған жобалардың дені сыртқы нарыққа шығып үлгерді. Кейбірі қомақты сомаға ұзақ мерзімді халықаралық келісімдерге қол жеткізді. 

НҰРТАС ӘЛІШЕРОВ, «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ ЖОБАЛАУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мұнда Әбішев атындағы химия-металлургиялық институты ғалымдарының жобалары ұсынылған. Олар феромарганец өндірісімен айналысады. Бұл жобаның ерекшелігі – олардың өндірісте алюминий-селикомырышты қолдануында. Ол өндіріс құнын төмендетеді. Олардың бұл бастаманы қолға алғанына үш жыл болды. Бүгінде оның экспорты  бойынша қытайлық компаниямен келісімге тұрды.

Отандық ғылыми жобалардың барлығының да шетелдік нарықта сұранысқа ие болу мүмкіндігі бар. Өнертабысқа қойылатын басты талап – оның заманауи өндірістік мәселелерді шешуге қауқарлы болуы. Әрине бәсекеге қабілеттілігі де аса маңызды.

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

- Мына құрылғының көмегімен түрлі дәнді-дақылдардың шығымдылығын жақсартумен қатар, оның өнімділігін арттыруға болады. Қазақстандық ғалым Абдумәлік Әшіровтың бұл жобасы ауылшаруашылық саласындағы үздік өнертабыстардың бірі деп танылды. Қазір бұл технология отандық диқандармен кеңінен қолданылуда. Болашақта оны экспортқа шығару көзделіп отыр.

Бүгінде өзінің ұтқыр ғылыми шешімдерін табыс көзіне айналдыра білген отандық ғалымдардың саны 450-ге жетті. Ғылым қоры бастысы жоба санын арттыру емес, сапасын жақсартуды мақсат тұтады.

Дайындаған: Жеңіс Ермұқанов