«Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң

«Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң

Халық кеңесінің құрамына кірген 126 адам 4 жылға тағайындалады әрі жалақы алмайды. Яғни, қоғам үшін қызмет атқаруы тиіс. Бүгін Парламенттің бірлескен отырысы өтіп, «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен, Халық кеңесі мемлекеттік органдардың қызметін атқара ма?

Сонымен, Халық кеңесіне құрамына кірген 126 адам қандай міндет атқарады? Қазір қоғам арасында осындай сұрақ туындаған. Өйткені жаңадан құрылатын саяси ұйымның бұған дейін міндетін Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Құрылтай кеңесі атқарған болатын. Дегенмен, заман ағасына қарай трансофрмацияға ұшырап отыр. Бүгін Парламентте мақұлданған Констициялық құжатқа сәйкес, Халық кеңесі мүшелері қоғамдық қызмет атқарады. Яғни, бұл қызметі үшін оларға жалақы төленбейді. Сыбайлас жемқорлық пен мүдделер қақтығысын болдырмау үшін де біраз қатаң шектеулер қойылған. Десе де ел басқару ісіндегі функциясы жоғары болмақ. Кеңеске әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктелген. 

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Ал Кеңестің Төрағасын Сессияда төрт жылдық мерзімге, Президенттің ұсынысы бойынша және Кеңестің жалпы мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылады. Өз кезегінде, институттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бір тұлғаның Кеңестің Төрағасы болып екі реттен артық сайлануына жол берілмейтіні туралы норма көзделген. 

Заңда мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Қазақстан Халық Кеңесі әзірлеген ұсынымдар мен ұсыныстарды қарау міндеттілігі бекітіледі. Яғни заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысады. Референдум өткізу туралы бастама көтеруге де құқылы.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Бұл ретте барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болып, мемлекеттік билік жүйесімен тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді. Қазақстан Халық Кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктелетінін ерекше атап өткім келеді. Астана қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл съезд – конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде орныққан. Аталған ұсыныс Кеңестің мақсаттарына толық сай келіп, оның қызметінің жалпы логикасымен үйлеседі.

Жаңа орган қоғамдық кеңестермен үнемі байланыста болады. Қазір елде 264 қоғамдық кеңес бар. Соның 36-ы республикалық, қалғаны жеке ұйымдар. Халық кеңесіне әр өңірдегі қоғамдық кеңестің бір мүшесі енгізіледі. Ол өз аймағының мүддесін қорғап, мәселесін көтеріп отырмақ.

Евгений Кочетов, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Бұл өңірлік ахуал мен өңір тұрғындарының жағдайын күн тәртібіне шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоғамдық кеңес жұмыстарын халық кеңесімен үйлестіру көзделген.

Халық кеңесіне кірген 126 мүшенің 42-сі этномәдени бірлестіктерден, тағы 42 делегаты жергілікті мәслихаттардан, өзгесі азаматтық ортадан тартылады. Халық Кеңесі жылына бір рет бас қосатын бірыңғай консультативтік алаң ретінде жұмыс істеуі тиіс. Ал оның мүшелерін Мемлекет басшысынің өзі бекітеді. Сондықтан олар сайланбайды, тағайындалады.