Жаңа Ата Заңда адам құқығы алдыңғы қатарда тұрады

Жаңа Ата Заңда адам құқығы алдыңғы қатарда тұрады

Жуырда жарияланған жаңа Конституцияның жобасын қазір қоғам қызу талқылап жатыр. Жаңа құжатта адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде танылған. Әрі мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде бекітілген. Еске салайық, қазірге дейін Конституциялық комиссияның 6 отырысы өтті. Депуттатар, заңгерлер, сарапшылар мен қоғам белсенділері келіп түскен әр ұсынысты сүзгіден өткізді. Саралады. Талқыға салды. Алдағы уақытта жаңа Ата заңның жобасына тағы да өзгерістер енгізілуі мүмкін. Әріптесім Алтынбек Әмит тарқатсын.


Жаңа конституцияның жобасы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» деп басталады. Ал қолданыстағы Ата Заңның кіріспе сөзінде «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деп жазылған еді. Жалпы, Жаңа Ата заң жобасында преамбула толық жаңарған.


Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

- Соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Қысқасы, бұл жекелеген сөйлемдерді немесе тыныс белгілерін өзгерту емес. Жаңа Преамбула біздің тарихи тамырымызды құндылық ретінде айқын көрсетіп, қазіргі даму кезеңінің негізгі қағидаттарын нақты бекітеді әрі болашаққа бағыт береді


Қазіргі Ата заңда 9 бөлім, 99 бап бар. Ал комиссия ұсынған жаңа жоба 95 баптан жасақталған 11 бөлімнен тұрады. Атауларда да өзгешелік көп. Мысалы, кіріспеден кейін тұрған бірінші бөлім «Жалпы ережелер» деп жазылса, енді ол «Конституциялық құрылыс негіздері» болып өзгерді. «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» және «Қазақстан Халық Кеңесі» деген екі арнайы бөлім қосылды.


Ержан Жиенбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:

- Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Біріншіден, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет. Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту керек.


Жаңа Конституцияның негізіне адамға бағытталған мемлекеттік модель алынған. Яғни, адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық және мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде танылған.


Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары:


- Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

Айтпақшы, Қазақстан азаматтардың цифрлық құқығын Конституцияда бекіткен алғашқы ел болайын деп тұр. Жеке деректерді қорғауға кепілдік берілетіні 21-бапта бекітілген. Бұдан бөлек алғаш рет білім беру мен ғылым Ата заңда стратегиялық бағыт деп танылды. Дәл осылай табиғатты қорғау мәселесі де енді Конституцияда көрініс табады. Мемлекеттілік, аумақтық тұтастық та басты назарда. Жалпы, өзгерістер 77 тапты қамтиды. Бұл дегеніміз Ата заң мәтінінің 84 пайызы. Ұсынылған жаңартулардың ауқымын ескере отырып, комиссия мүшелері құжатты тек түзетулер пакеті ретінде қарастыруға болмайды деп санайды.