Қазақстан ипотеканың қолжетімділігі бойынша рейтингте жоғарылады
Қазақстан 2021 жылы ипотеканың қолжетімділігі бойынша 109 елдің ішінде 74 орынға тұрақтады. Халықаралық сарапшылық ұйымның дерегі бойынша, ең оңтайлы ипотека Сауд Арабиясы, Пуэрто-Рико және АҚШ-қа тиесілі. Ал ЕАЭО елдері арасында Ресейде ипотека жағдайы жақсы, көрші ел 65-ші орында. Армения 93-ші, Беларусь 96, Қырғызстан 98-ші орында тұрақтап тұр.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның тұрғын үй мәселесі бойынша рейтингте жоғарылауына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін шешіп алу туралы тапсырмасы ықпал еткен.
ЛАРИСА СТЕПАНЕНКО, ҚАЗАҚСТАН РИЭЛТОРЛАРЫ БІРІККЕН ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Кейінгі уақытта мемлекет шығарған бағдарламалар халықтың белгілі бір тобына арналған. Олар тұрғын үй сатып алуға, әрине, мүмкіндік береді. Мәселе басқада, менің ойымша, біздің елде әмбебап ипотека жоқ. Сандар оны дәлелдеп тұр. Сондықтан мемлекеттің атқарар жұмысы әлі көп. Алдағы уақытта шаршы метрге мұқтаж адамдардың санын арттыруға тырысатын бағдарламалар пайда болуы керек. Ал сол бағдарламалардың арқасында адамдар үйлі бола алуы тиіс.
Жалпы, қазақстандықтардың ипотекамен үй алуға деген пікірлері сан түрлі.
САУАЛНАМА:
- Ипотекаға мен екі жақты қараймын. Бірақ алу керек деген жағдайлар болып жатады. Мысалы, маған белгілі бір сома жетіспегендіктен мен ипотека алдым. Мен оны уақытынан бұрын жаптым, әрине. 10 жылға алатын болатынмын, 4 жыл ішінде жаптым.
- Ипотекаға менің ойым түзу. Себебі, азаматтарда басқаша үй сатып алуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан осындай заң шығарып, халықтың үй сатып алуына мүмкіндік бергендеріне қуаныштымын.
- Ипотека әзірге менде жоспарымда жоқ. Бірақ сол жоспар келетін сияқты. Сондықтан «Отбасы банкке» сеніп, ипотека алатын сияқтымын.
Елдегі тұрғын үй бағасының айтарлықтай өсуі 2021 жылдың қаңтар айында байқалды. Осылайша, жаңа тұрғын үйдің 1 ш.м. бағасы 3,8 процентке, абаттандырылған екінші тұрғын үйдің бағасы бір айда бірден 7,2 процентке өсті. 2020 жылы жылжымайтын мүлік бағасының ай сайынғы өсуі орта есеппен жаңа тұрғын үйге 0,4 процентті және қайталама абаттандырылған тұрғын үйге 1,1 процентті ғана құраған еді.