Қазақстан мен Франция су саласында бірлескен жобалар жүргізуге ниетті

Қазақстан мен Франция су саласында бірлескен жобалар жүргізуге ниетті

Қазақстан мен Франция су ресурстары бойынша әріптестікті нығайтуға мүдделі. Бірлескен жобалар бойынша техникалық сараптама, ұзақ уақытқа несиелер мен гранттар беру арқылы қаржыландыру және техникалық-экономикалық өзге де көмек түрлерін Францияның Даму Агенттігі көрсетуге әзір. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрінің ұйым өкілдерімен кездесуінде белгілі болды. Нұржан Нұржігітов өз сөзінде, су саласында жұмыс істейтін отандық мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, білімін жақсарту үшін франциялық сарапшыларды тартуға ниетті екенін жеткізді. Одан бөлек, министр әріптестерін бірыңғай ақпараттық орталықтың жұмысын жақсарту мақсатында мамандар жіберу мәселесін де көтерді. Ол орталық еліміздегі барлық су шаруашылық нысандары бойынша ақпарат жинап, сараптайды.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
– Бірінші кезекте, әлбетте, ол суды жеткілікті мөлшерде жинап, оны тиімді пайдалану және ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану мәселесінде тәжірибе жинақтауымыз қажет. Тұтынушыларды суды тиімді әрі үнемді пайдалануға үйрету өте маңызды. Бұны біз қолға аламыз. Ал, ауыл шаруашылығында және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінде бірлесе ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануда сіздердің көмектеріңізге сүйенеміз деген ойдамыз.