Қазақстан мен ХВҚ қаржы секторында әріптестікті жалғастырмақ

Қазақстан мен ХВҚ қаржы секторында әріптестікті жалғастырмақ

Қазақстан экономикасының дамуы тұралап қалмауы керек. Оның үстіне, елдің одан арғы дамуында жеке кәсіпкерліктің рөлі артуы тиіс. Бұл туралы Премьер-Министрмен кездесуде Қазақстандағы Халықаралық Валюта Қоры миссиясының басшысы мәлімдеді. Әлихан Смайылов пен Николя Бланше ұйым мен Қазақстанның жақын арада және алдағы жылдардағы әріптестігін талқылады. Өз кезегінде Үкімет басшысы Қазақстанның Халықаралық Валюта Қоры көрсеткен қолдауын ұмытпай, экономиканың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономика қазіргі ахуалдарға бейімделе отыра, өсу көрсеткіштерін сақтап қалды. 10 ай қорытындысы бойынша Жалпы Ішкі Өнім 5% құрады. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12% өскен. Министрлер кабинетінің басшысы Қазақстанның жалпы экономикалық жетістіктерін тәуелсіз қаржы ұйымдары мен агенттіктері растағанын да айтты. Оның ішінде мемлекеттің инвестициялық климаты да жоғары бағаланды. Мәселен, Moody’s елімізге қатысты болжамын тұрақтыдан позитивтіге өзгерткен. Бүгінде Қазақстанда салық-бюджет саясатын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ол үшін жаңа салық және бюджет кодекстері жасалып жатыр. Ал, Николя Бланше болса, Қазақстанның алдағы уақыттарда бұдан да қарқынды экономикалық өсімге қол жеткізуге қауқарлы екенін әрі осы бағыттағы жұмыс қарқынды екенін тілге тиек етті.