Қазақстан мен Иран арасында транзиттік дәліз құрылады
Иран Қазақстанның старатегиялық қақпасына айналады. Еуропа, Африка мен Араб елдеріне жол ашады. Екі елдің бизнес форумында транспорттық дәліз құру туралы құжатқа қол қойылды. Енді экспорттық тауарлар осы бағыт арқылы тасымалданады. Бұдан бөлек тараптар Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдейтін комбинатты, Алматыда ірімшік зауытын салуға уағдаласты. Форум аясында құны тараптар 1 млрд доллардан асатын 10 құжатқа қол қойды.
Сүндет Оралбек, тілші:
- Елімізде ірімшік пен балаларға арналған тағам шығаратын екі ірі зауыт бой
көтереді. Құны 150 млн доллар болатын жобаның инвесторы ирандық «Солико групп» компаниясы. Жоба Алматы облысында жүзеге асады. Тау-кен метталургиясы
саласында да бірлескен жобалар бар. Қарағанды облысында ирандық компания жылына
5мың тонна мыс өндіреді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар өндіріс көлемін
ұлғайтуға уағдаласты.
Мадияр Сұлтанбек, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының
орынбасары
- Олар 10 жыл бұрын, 2015 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында мыс кен
орнын сатып алған. Енді біз олармен өндірісті кеңейту, көлемін арттыру, қайта
өңдеу деңгейін көтеру бойынша келісімге қол қойдық. Қазірдің өзінде бұл
компания нысандарында жүздеген қазақстандық жұмыс істейді. Өндіріс кеңейтілсе,
мыс өндіру 2–3 есеге артады. Шамамен 1500 жұмыс орны ашылады.
Енді Қазақстан Иранға жыл сайын 100 мың тонна өсімдік майын экспорттайды.
Тиісті келісім екі елдің сауда палаталары арасында бекітілді. Қазір Парсы шығанағында
бұл өнімге сұраныс жоғары. Иранның өзі бірден 300 мың тонна май сатып алуға
дайын отыр.
Айтмұханбет Алдажаров, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас
директоры:
- Біздің мақсат май жеткізуде әлемдік үздік үштікке кіру. Экспорттық өнім 1
млрд долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш шамамен
560 млн долларды құрайды.
Иран Еуропа мен Араб елдеріне, тіпті, Африкаға өтетін қақпаға айналады.
Бастама алыс-берісті жеделдетеді. Логистикалық шығынды 15 пайызға дейін
азайтуға мүмкіндік береді.
Камран Сұлтанәли, кәсіпкер:
- Біз өзіміздің вагондарымызды сатып алдық. Біз кез келген өнімді осы
вагондар арқылы Иранның Вандар Аббас портына жеткіземіз. Ол жақтан контейнерге
тиеп, Африкаға да, Индонезия, Шри-Ланка, Парсы шығанағына да жеткіземіз.
Сүндет Оралбек, тілші:
- Форум қорытындысы бойынша құны 1млрд доллардан асатын 10құжат қабылданды.
Келісімде зауыт құрылысы, жерді уақытша қолдануға беру, логистика және
сауда-саттықты арттыру, кәсіпкерлер палатасы арасындағы байланысты нығайту
қамтылған.

