Astana Club беделді сарапшыларды бір алаңға жинады

Astana Club беделді сарапшыларды бір алаңға жинады

Елордада Astana Club отырысы өтуде. Халықаралық платформа тағы да беделді сарапшыларды өз алаңында жинады. Елордада форумның алтыншы отырысы өтуде. Жиынның алғашқы күнінде энергетикалық дағдарыс, климаттың өзгеруі және геосаясат сияқты негізгі тақырыптарды талқыға салады.

Лидия Пархомчик, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Біз экономикалық мәселелерде де, геосаясатта да барлық бағыт бойынша орасан зор ығысуларды байқап отырмыз. Сонымен қатар энергетикалық өзгерістер мен мен климаттық құбылыстардың қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Әлемдегі энергетикалық дағдарыс үлкен Еуразия және Қазақстан мүдделеріне әсер етіп отыр. Осылайша дағдарыстық жағдайлардан шығудың ең тиімді жолдарын табуға болатынын болжауға мүмкіндік береді.

Astana Club халықаралық платформасында көтерілетін дәстүрлі тақырыптардың бірі – ядролық қауіпсіздік. Ал әлемдік сарапшылар Қазақстанның ядролық қарусыздану мәселелеріне қосқан үлесін жоғары бағалауды жалғастыруда.

Джонатан Граноф, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті /АҚШ/:

- Қазақстанда 1 400 ядролық оқтұмсық болды, республика оның барлығынан бас тартты. Әлемде ядролық оқтұмсықтардың саны 65 мыңнан 14 мыңға қысқарды. Бұл да жетістік әрі осыған ұмтыла беруіміз керек. Қазақстан тәжірибесі өзге де елдердің басшыларын осындай шешімге келуге итермелеуі мүмкін. Біз осы тақырыпта ынтымақтастықты жалғастырып, келіссөздерді бастауымыз керек.