Қазақстан мен Того президенттері ынтымақтастықтың перспективаларын  талқылады

Қазақстан мен Того президенттері ынтымақтастықтың перспективаларын  талқылады

Қазақстан Тогоны Африкадағы маңызды серіктес санайды. Осы құрлықтағы мемлекеттермен ынтымақтастықты дамыту – біздің елдің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы бүгін аталмыш Республиканың Президенті Фор Эссозимна Гнассингбемен  келіссөз жүргізу  барысында айтты. Ол Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан сапардың символдық мәні барын және тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығының жаңа кезеңін ашатынын атап өтті. Қасым Жомарт Тоқаев қазір ауыл шаруашылығы, жаңа технология өндіріс және инвестиция салалары бойынш әріптестік аясын тың қарқынмен дамыту үшін мол мүмкіндік барын айтты.  Мәселен, Қазақстан Тогоға астық экспорттай алады. Жалпы Мемлекет басшысы Африка республикасын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымына мүше болып, оның әлеуетін пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырдым. Олар форумда Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады. 

Фор Эссозимна Гнассингбе, Того президенті:
-Того Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отыр және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде де дамытуға мүдделі. Сіздердің елдеріңізде инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай қалыптасқан.  Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымыз дамып келе жатқаны қуантады.  Бүгінде сіздің елдің Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Біздің делегация сауда-экономика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Сіздің елдің халықаралық аренадағы бейбітшілік орнатуда атқарған жұмыстарыңыз мол.

Бір-бірінен алыс жатқанын  Қазақстан мен Тогоның  ортақ тұстары көп. Екі ел де табиғи ресурстардың жеткілікті қоры бар. Осыған орай тараптар темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүдделі. Қос тараптың халықаралық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Әсіресе, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясында  ықпалдастық ойдағыдай дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Того халықаралық қатынастарды дамытуға бірлесе үлес қоса алады деп атап өтті.