Қазақстан мен Қырғызстан 65 млн доллардың жаңа коммерциялық келісімдеріне қол қойды

Қазақстан мен Қырғызстан 65 млн доллардың жаңа коммерциялық келісімдеріне қол қойды

Жақын арада Қазақстан мен Қырғызстан шекарасының маңындағы аумақтарда индустриялық сауда-логистикалық кешен құру жоспарланған. Бұл жөнінде қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысында мәлім болды. Кешен жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін болады. Сайып келгенде екі мемлекет басшыларының тауар айналымын 2 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына қол жеткізуге үлесін қосады. Осы орайда айта кететін жайт, өзара алыс-беріс тұрақты түрде өсуде. Былтыр сауда көлемі 19% ұлғайып, 1,3 млрд долларға жеткен. Биыл да оң динамика байқалады. 7 айда тауарайналым 13% артып, 757 млн долларды құрады. Тараптар арасында сауда экономикалық байланыспен қатар транзит, көлік, коммуникация, туризм мен мәдениет салаларында ынытымақтастық дамып келеді. Әсіресе, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, және экология мен суды ұтымды пайдалану және осы бағыттарды  цифрландыру жағының әлеуеті зор. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Біз өз тарапымыздан алдағы уақытта да бірлескен жаңа жобаларды іске асырып, олардың ауқымын кеңейтуге ниеттіміз. Жалпы Қазақстан мен Қырғызстанның барлық бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеудің әлеуеті зор. Бұны бүгін түрлі салалар бойынша жалпы құны 65 млн  доларға қол қойылған коммерциялық құжаттар айғақтап отыр. Бүгінгі форум өзара тиімді ауданаралық және шекарааралық ынтымақтастықтың жаңа қырларын ашып, тың бастамаларға серпін береріне сенімдімін.