Қазақстан мен Қытай көлік және логистика саласында бірескен жобаларды іске қосты

Қазақстан мен Қытай көлік және логистика саласында  бірескен жобаларды іске қосты

Қазақстан Президенті Қытайдың Сиань қаласында көлік-логистика орталығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев қос ел қатынастары үшін орталықтың құрылуы маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты. Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшылары Аспан асты елін Қазақстан, Орталық Азия және Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан еді. Аталмыш портағы Қазақстан терминалының жобалық қуаты - жылына 66,5 мың жиырма футтық эквивалентті құрайды. Ол отандық экспорттаушылар үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және еліміздің Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

– Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан темір жолы мен қытайлық  компания бірлесіп жасаған жаңа инновациялық орталықты ашты. Ол «Ақылды темір жол» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы отандық теміржол саласының ардагерлерімен кездесті. Президент ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандармен саланың  даму әлеуеті жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев әңгіме барысында мемлекеттер көлік-логистика мүмкіндіктеріне ие болу үшін бәсекеге түсіп жатқанын тілге тиек етті. Сондықтан бұл бағытта мол тәжірибелі ардагерлер тиісті министрлік пен теміржол басшыларына ұсыныстар мен құнды кеңес беретіндеріне сенім білдіріп, бірге жұмыс істеуге шақырды.