Ғасыр жасаған қарт жауынгер
Түркістан облысы Созақ ауданынан 1941-45 жылдар аралығында соғысқа 6 мың сарбаз аттанған. Қазір осы мыңдаған жауынгердің ішінен көзі тірі біреуі ғана қалды. Майдангер Мырзахмет Жылысбаевтың жасы 99-ға келсе де, әлі тың. Көңілі де сергек.
Мырзахмет ақсақал соғысқа аттанған кезде небәрі 18 жастағы бозбала еді. Сондықтан болар 1944 жылдың қараша айы оның мәңгі есінде. Колхоздағы сауаты жоқ ересектерді хат тануға үйретіп жүрген оны бір түнде майданға алып кетеді. Ардагер ұрыс алаңында №92 автоатқыштар полкы құрамында соғысқан.
Мырзахмет Жылысбаев, Соғыс ардагері:
- Еш қорықпадым. Өйткені біздің алдымыздағы мақсат қалайда неміс фашистерін жеңу керек. Отанымызды қорғау керек. Сондықтан мен несіне қорқамын. Қорықсам сұранбаймын да, бармаймын да ғой мысалы. Біз соғыстың аяқ жағында бардық. Бірақ Бауыржан Момышұлының өзі айтқан ғой: «Соғысқа бір кіріп шыққанның өзі ерлік», деп. Сондай ерліктердің ішінде болдық.
Соғыстағы бес ай бозбала Мырзахметті ерте есейтті. Бірнеше қанды шайқастың куәсі болып, «Жеңістің хабарын естігенде менен бақытты жан болмады» дейді. Себебі әкесінен ерте айырылған ол - жалғыз анасын асырауды мақсат етіпті.
Кенжебек Жылысбаев, Ұлы:
- «Соғыста өліп кетер ме едім, кім біледі? Сол шешемізге қараймын деген менде мақсат болды алдыма қойған. Елге оралып, анамды асыраймын деген» міндет болды», - деп айтып отырады. Әкеміз барлық бала-шағасына жанашыр болып отырады.
Мырзахмет Жылысбаев соғыстан кейін елге
оралған соң ұстаздық қызметін жалғастырады. Ол өмірінің 46 жылын ұстаздық
қызметке арнаған. Бүгінде жарымен бірге 13 ұл-қыздан 47 немере, 97 шөбере сүйіп
отыр. Ардагер бос уақытында өмірден көрген білгендерін қағаз бетіне түсіріп
ермек қылады, одан қалса өзінің өсиеті мен ой-тұжырымдары жинақталған «Ұрпаққа
аманат» атты кітап шығарған.

