Ақтөбеде УЕФА талаптарына сай жаңа стадион құрылысы басталды

Ақтөбеде УЕФА талаптарына сай жаңа стадион құрылысы басталды

Ақтөбеде УЕФА талаптарына сай жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. Жаңа нысан 35 мың адамға арналған. Бұдан бөлек қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынып жатыр. Онда 25 спорт түрі бойынша үйірмелер болады. Бүгін елордада өткен брифингте облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдегі жолдардың жай-күйіне, экономикалық даму қарқынына тоқталды.

Биыл 8 ірі нысан ашылды

Ақтөбеліктер үшін қазір ең өзекті мәселе - жол сапасы. Биыл осы бағытқа 70 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 565 шақырым жөнделген. Жыл соңына дейін олардың 82 пайызы стандартқа сай болмақ. Журналистер әкімнен Орталық-Батыс көлік дәлізінде орналасқан «Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» республикалық тасжолының да жағдайын сұрады. Аймақ басшысы, биылға жоспарланған 110 шақырым толық аяқтағанын айтты. Келесі жылы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- «Самара–Шымкент» автожолының «Ақтөбе–Ұлғайсын» бағытында 262 шақырымын қайта жаңғырту бойынша жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, биыл Ақтөбе-Хромтау учаскесінде жаңа өтпелі көпірмен қоса алғанда, 28 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде 4 жолақты жолдың 2 жолағы көлік қозғалысына ашылды.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа спорт кешені бой көтереді. Онда 25 спорт түрі бойынша түрлі үйірме болады. Мекеменің құрылысы осы жылдың соңында аяқталуы тиіс. Ол  елдегі инклюзивтік стандарттарға бейімделген алғашқы кешендердің бірі болмақ. Аймақ басшысы құрылысы ұзаққа созылған ғимаратттар да келер жылы тапсырылады деді.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- Соңғы кезде, сондай 17 құрылысты қолға алдық. Тиісті құжаттарды дайындап, былтырдың өзінде сондай 10 мекеменің құрылысын аяқтадық. Келер жылы оларды толықтай аяқтаймыз, оған қаржы да , мүкіндіктер де бар.

Жыл басынан бері облыс экономикасына 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Биылдың өзінде сегіз ірі нысан ашылды. Олардың қатарында, жел электр станциясы, ауыл шаруашылығы химикаттарын өндіретін зауыт бар. Сондай-ақ, өңірде алғаш рет қой жүнін терең өңдейтін және құрылыс материалдарын өндіретін цех ашылмақ.