V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: сайыстың алғашқы күні
Көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті. Аударыспақтан Ермек Құралбай қарсылас шақ келтірген жоқ. Жанкүйер қауым асыға күткен көкпаршылар додасы да басталды. Іріктеу кезеңінде Қазақстан командасы Өзбекстаннан 16:0 есебімен басым түсті.
Салымға қарай садақтың оғындай ұшқан жігіттердің жігері экранның арғы жағына да сезіліп тұрғандай. Қорқақ көкпар ойнамайды. Өйткені бұл спорт көзсіз батырлықты қажет етеді.
Азаматтың да, қазанаттың да бағы мен бабы қатар шабатын дүбірлі доданы көруге келгендердің қарасы қалың. Әуелі Қазақстан мен Өзбекстан жанкүйерлері атшабарды басына көтеріп, қолдау көрсетті. Тақым қысқан жақындарының үмітін ақтау үшін шабандоздар да барын салды. Бірақ біздің құрама көрші елдің көкпаршыларына серкені бере қоймады. Есеп алғашқы таймда 8:0 есебімен аяқталған. Өзбек елі бар үмітін екінші таймға бұрды. Бірақ тағы да қазақ көкпаршылары 8 салым салып, есепті он алтыға жеткізді.
Бақтыбай Шырынқұлов, төреші:
– Біз де көкпар ойнадық. Бірақ қазіргі жастардың адуыны қатты. Көкпар жаңа ереже бойынша өтті. Көрермен куә, бәрі әділ бағаланды.
Айта кетейік, Астанаға Қырғызстан құрамасы ғана өз аттарымен келген. Өзге қатысушылар қазақстандық тұлпарларды тізгендеді. Жалпы оңай қарсылас жоқ. Бәрі сен тұр, мен атайын деген кіл мықтылар.
Финал 12 қазанда өтеді. Қалың жанкүйер ақтық айқасқа Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары шығады деп болжап отыр. Айыр қалпақты ағайын да Моңғолия құрамасын 16:0 есебімен қапы қалдырды. Жалпы, ойынға 9 елдің командалары қатысады. Олардың арасында ат терлетіп Америкадан келген ковбойлар да бар. Олар ертең бақ сынайды. Әзірге қарсыластарының қажыр қайратын бағамдап жүр.

