V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына он күн қалды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін базаларға 5G интернет станциялары орнатылады. Бүгін жауапты дирекция ресми байланыс операторымен меморандумға қол қойды. Тегін телекоммуникациялық жабдық әр спортшыға, еріктілерге, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне беріледі. Бұл шет елдік қонақтардың еркін байланысуы үшін зор мүмкіндік.
Айта кетейік, спортшылар жайғасатын 20 қонақ үй мен алып жүретін автокөліктер де сақадай сай тұр. Қазір кей ел командалары дайындығын Астанаға келіп жалғастыруда.
Айтпақшы, дүбірлі доданың ашылу рәсіміне барлық билет сатылып кетті. Дирекция мәліметінше салтанатты шараны көргісі келетіндер саны 10 мыңнан асқан. Ең көп қызығушылық танытқан спорт түрлерінің арасында жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, көкпар, бәйге бар. Жарыстардың орташа билет құны – 3 600 теңге.
Мәселен, қазақ күресі, алыш және көрәш спортына билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында екен. Кей азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мектеп оқушылары мен зейнеткерлер билет құнының 50 пайызын төлесе болады. I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады.

